logo

Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған боксшылар кімдер

Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирде бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының бес жолдамасына ие болды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Алғашқы жолдаманы 92 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айбек Оралбай иеленді. Ол ширек финалда америкалық Джамар Таллимен кездескен болатын. Жекпе-жек толығымен Айбектің басымдығымен өтіп, қазақстандық боксшы 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал, 51 келіде сынға түскен Сәкен Бибосынов ширек финалда ұлыбританиялық Кириан Макдонльды 4:0 есебімен ұтып, Ұлттық құрамаға екінші жолдаманы сыйлады. Осылайша, Сәкен өзінің спорттық мансабындағы екінші Олимпиадасына аттанады. 2020 жылғы Токио Олимпиадасында Бибосынов қола жүлдегер атанған болатын.

57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд ширек финалда тәжікстандық Ашрор Вахидовты 4:1 есебімен жеңіп, өзінің тұңғыш Олимпиадасына жолдама алды.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов ширек финалда әзірбайжандық Сархан Алиевті 5:0 есебімен жеңіп, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді.

80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрбек Оралбай ширек финалда ирландиялық Киллиан Кессидимен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының қоржынына бесінші жолдаманы салды.

Еске сала кетейік, Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев та Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған болатын.