|
Полиция дерегі бойынша, Берлиннің ортасында болған акцияға 8 мың, Дюссельдорфта 17 мың адам шықты. Наразы топ Газа секторына Израильдің оқ жаудыруын тоқтатуды талап етті. Kazinform бұл туралы DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сенбі, 4 қарашада Палестина туы мен Палестинаны жақтап ұрандатқан плакат ұстаған мыңдаған адам Александерплац алаңына жиналды. Плакаттарда “Газадағы геноцидті тоқтатыңдар”, “From the river tot he sea — we demand equality" (ағылшын тілінен аударғанда “Өзеннен теңізге дейін — біз теңдікті талап етеміз”, Иордан өзені мен Жерорта теңізі айтылып тұр) деген сынды жазулар болды. Наразылыққа шыққан топ Газа секторына израильдік шабуылды тоқтатуды талап етті.
Полиция бағалауынша, жергілікті уақытпен 16:00 шамасында акцияға қатысқандар саны 6 мың адам болған. Полиция өкілінің сөзінше, кей қатысушылардың жеке деректері тексерілген, ал билік жарлығын бұзған плакаттар боялып, тартып алынған. Наразылық қатаң жағдайда өтті.
- Израильдің тіршілік ету құқын жоққа шығаратын кез келген адам қылмыс жасаған болып саналады және дереу жазаланады, — деп ескертті акция алдында полиция контингенті өкілі Штефан Катте (Stephan Katte).
Сонымен қатар, полиция дерегінше, антисемистік, антиизраильдік және лаңкестік пен күш көрсетуді насихаттайтын кез келген пікірге тыйым салынды.
Бұдан да көп адам қатысқан акция Германияның батысында, Дюссельдорфта өтті. Полиция ақпараты бойынша, оған 17 мыңға жуық адам қатысқан. Жақында осындай акция Эссен қаласында да болды.