logo

Атырау мектептері жұмыс істемейтін 41 адамға 90 млн теңге жалақы аударған

Атырауда 12 мектептен жұмыс істемейтін 41 адамға 90 млн теңге жалақы аударылған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражановтың айтуынша, білім саласында жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға елеулі тосқауыл жасайтын жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.

«Биыл білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау нәтижесімен 10-ға жуық сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Осыған байланысты 26 ұсыным енгізілді. Атырау облысындағы 12 мектептен мемлекет игілігі үшін іс жүзінде жұмыс істемейтін 41 «өлі жанға» жалақы аударылып, шамамен 90 млн теңге шығын келтірілгені анықталды. Мемлекеттен қолдау ретінде бөлетін бюджет қаражаты нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға тиіс. Өйткені, сапалы білім – табысты болашақтың кепілі», -дейді Жәнібек Қаражанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 81 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істегенін хабарлаған болатынбыз.

Жалған дипломы бар мұғалімдер мониторинг кезінде анықталған. Мәселен, 51 қызметкер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, 30 мұғалім орта мектептерде жұмыс істеген.

«Мектептерде «өлі жандар» бар. Қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептер әртүрлі қаржыландырылған. Бір қызметкер бір мезгілде 4-5 мекемеде жұмыс істеген. Кейбір білім беру мекемелерінде басшылар өздеріне лауазымдық жалақысына үстемеақы аударып отырған», -деп хабарлаған еді Жәнібек Қаражанов.