Денсаулық сақтау министрлігі психикалық ауытқуы бар қазақстандықтар туралы мәлімет жариялады.
Денсаулық сақтау министрлігі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 198 417 адам динамикалық бақылауда тұрғанын хабарлады. Олардың ішінде:
- 41 014 бала;
- 82 914 әйел;
- 115 503 ер адам.
"Алайда психикалық және мінез-құлық ауытқуларының болуы стационарлық емдеуге көрсеткіш болып табылмайды. Стационарлық емдеу аурудың жедел ағымы және/немесе өршуі кезінде көрсетіледі. Стационарлық ем алғаннан кейін пациенттер амбулаторлық бақылауды жалғастырады", — деді ведомство өкілдері.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша "шизофрения" диагнозымен дәрігерлердің бақылауында 289 бала, 19 405 әйел және 19 586 ер адам болған.
2023 жылы психикалық денсаулық орталықтарында 70,5 мың науқас, оның ішінде 8 мыңнан аса бала емделген. 1 қаңтардағы жағдай бойынша Психикалық денсаулық орталықтарында 7223 науқас болған.