Семей қаласында үй кезегінде тұрған 32 отбасыға баспана кілті табысталды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Республика күніне орай Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов көпбалалы отбасыларға Ұшақтар кентінен жеке тұрғын үйлердің кілтін табыстады. Жыл басынан бері пәтер кезегінде тұрған көпбалалы жанұяларға Комсомол кентінен 50-ден астам жер үйдің кілті берілген болатын.
Әр үйдің жалпы ауданы – 80-100 шаршы метр. Үйлер жылыту пештерімен толық қамтамасыз етілген, жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Ауласында бау-бақшаға арналған арнайы бос орын бар.
«Бүгін 32 отбасы Архат көшесіндегі жаңа үйлеріне кірді. Баспана иелерін осындай айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін. Республика күні құтты болсын!», — деді әкім Нұрбол Нұрсағатов.
Айта кетейік, бүгінде Семейде үй кезегінде 13 000-нан астам адам тіркелген. Осыған орай Қарағайлы шағын ауданында бюджеттік көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тағы 200-ден астам әлеуметтік тұрғыда осал және көпбалалы отбасы қоныс тойын тойламақ.