
Аталған қондырғылар "Қазақстан Халқына" Қоғамдық Қорының қолдауымен алынып отыр.
Абай облысының ядролық медицина және онкология орталығында SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы мен TrueBeam сәулелік терапия жүйесі іске қосылды. Аталған қондырғылар "Қазақстан Халқына" Қоғамдық Қорының қолдауымен алынып отыр. Шараға "Қазақстан Халқына" Қоғамдық Қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, орталық ұжымы қатысты.
"Бүгінгі қуанышты оқиға Абай облысы әкімдігімен бірлесе іске асырған сәтті жобалардың бірі болды. Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуда бұл заманауи қондырғылардың тигізер пайдасы мол екені анық. Біз Абай облысымен денсаулық саласында ғана емес, білім, спорт сияқты өзге де әлеуметтік салаларда бірлесе жұмыс жасап келеміз. Әріптестігіміз алдағы уақытта да жалғаса береді", -деді "Қазақстан Халқына" Қоғамдық Қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.
Жоғары технологиялық қондырғылар диагностика мен емдеудің сапасын арттыруға, өңіріміз ғана емес бүкіл Қазақстанның тұрғындары үшін заманауи онкологиялық көмектің қолжетімділігін кеңейтуіне ықпал етеді.
"SOMATOM go.Sim" компьютерлік томографы сәулелік терапияны дәл жоспарлау үшін ісіктерді егжей-тегжейлі бейнелеуге, кескіннің жоғары сапасын сақтай отырып, сәулелену дозасын азайтуға, ағзаның табиғи физиологиялық процестерін( тыныс алу, жүрек соғысы) ескере отырып, емдеу процедурасын жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сәтті емдеу мүмкіндігін арттыра отырып, сәулелік терапияның ең күрделі әдістерін жоспарлау процесін жеделдетеді",-дейді ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Таңатаров.
Ал, TrueBeam сәулелік терапия жүйесі тек қатерлі жасушаларға әсер ететін сәулеленудің инновациялық әдістерін қолдануға, динамикалық бақылау технологиясының арқасында ең күрделі және қозғалмалы ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, сеанстардың ұзақтығын азайтып, жайлылықты арттырады. Ең бастысы, емделушілердің өмір сүру сапасын бұзбайды. Демек, алдағы уақытта орталықта ем қабылдаушылар жаңа қондырғылардың арқасында сырқатының диагноздарын дәл анықтап, дәрігерлердің одан арғы көмегіне жүгіне алады.
Сурет: Ядролық медицина және онкология орталығының баспасөз қызметі