Биыл 25 қазанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл күні заңсыз митинг ұйымдастыруға жол бермейміз. |
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz.-ке сілтеме жасап.
Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі ІІМ өкіліне сұрақ қойды.
"Әлеуметтік желіде жолда кетіп бара жатқан полиция көліктерінің видеосы тарады. Видеоның авторлары полиция 25 қазанда болатын митингке дайындалып жатқанын айтады. 25 қазанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істей ме? Сіз бұл видеоны көрдіңіз бе? Әлеуметтік желі арқылы адамдарды митингке шақыру заңды ма? Мұндай әрекетке барғандар жауапқа тартыла ма?", — деді ол вице-министрге.
Игорь Лепеха бұл видеоны көрмегенін айтты.
"Бізде адамдар әскери колонна кетіп бара жатса, соғыс басталды, полиция колоннасы кетіп бара жатса, митинг шыққандарды қуғалы бара жатыр деп ойлайды. Мен полиция көліктерінің қайда бара жатқанын білмеймін. Біз неге дайындалуымыз мүмкін? Бүгін тек 17 қазан ғой", — деді ол.
Министрдің орынбасары мереке күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтінін, заңсыз митинг ұйымдастыруға жол бермейтінін атап өтті.
"25 қазан (Республика күні) мемлекеттік мереке ғой. Біз оған дайындаламыз. Біз (ІІМ) күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Қазір әкімдіктерден барлық іс-шараны сұрап жатырмыз. Онда қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеміз.
25 қазанға митингке шақыруға тоқталайын. Оны ДВК мүшелері істеп отыр. Қазақстанда ол заңсыз экстремистік ұйым болып саналады. Біз ешқандай митинг өткізуге жол бермейміз", — деді ол.