Белгілі әнші Абай Бегей отбасы мен бала тәрбиесі туралы сыр шертті. Жақында орамал таққан ортаншы қызы Сымбаттың әрекетін қолдайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Urpaqподкастына сілтеме жасап хабарлайды. |
Айтуынша, екінші анасы 13 жастан бері орамал тағып, намаз оқыған.
“Менің Сымбат қызым орамал таққысы келеді. Өзі намаз оқиды. Соған фотосының астына неше түрлі негатив пікір жазады. “Бүркеніп алыпсың”, “Екінші қатыны орамал таққасын, бала-шағасы дінге кіріп кетті”, “Арабқұлға еліктеп” деген жағымсыз пікір өте көп. Қызым ондай ауыр сөздерді көтере алмай, жылап қалып жүрді. Оны көріп, кішкене тоқтата тұрдым. Жұрттың қаңқу сөзі басылсын, содан кейін ақырындап қадам жасап келерсің деп ақылымды айттым. Өзімнің арманым қыздарым мен ұлдарымды тәрбиелі етіп өсіргім келеді. Әкемнен алған тәрбиені балаларыма мұра етуді көздеймін. Өмір бар жерде өлім бар. Дүниеден өтіп кеткенде артымда қалған ұрпақтарымның есінде берген тәрбиеммен қалғым келеді”, – дейді әнші.
Сонымен қатар әншінің оқырмандарына өкпесі қара қазандай. Өте көп жағымсыз пікір жазатын тыңдармандарына ренжулі.
“Менің екінші рет шаңырақ көтергенімнен бастап бүкіл өмірім ел алдында өтіп жатыр. “Әйелінің өлгенін күткендей, екінші рет үйленіп алды”, Балаларыңның сенен кеткені дұрыс болды”, “Оранған әйелі қыздарын дінге тықты” деген сөздер өте көп айтылды. Қазір де айтылып жатыр. Екінші рет шаңырақ көтергенде екі жылдай үлкен қызым Гүлеркемен араласпай қалдым. Дауысын естіп, бір көруге зар болып қалған кезім болған. Марқұм әйелімнің төркінімін де араласпадым. Сол кезде өте қатты қиналдым. Танылып қалған кезің, әнің хит болып жатыр. Мына жақта адамдардың сөзін көтере алатын емессің. Сондай ауыр кезеңнен өттім. Содан кейін фотомның астындағы пікірлерді оқымаймын. Неше түрлі сөз жазып, тіпті біреу “малсың” деп те жазып жіберген. Ол адамды мүлдем танымаймын, жүздеспегенмін. Өзіне зияны тимеген адамға сондай ауыр сөз жазу дұрыс емес”, – дейді әнші.
Еске салайық, әнші ұлының құдалығында қазақтың дәстүрін көрсетемін деп сынға қалғанын жазған болатынбыз.