Кеше Семейде алғаш рет «Аман келешек» оныншы балалар инклюзивті мәдени-спорттық фестивалі өтті. Қала күніне орай өткен іс-шараны Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды. |
Оған балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелердің 500-ге жуық тәрбиеленушісі, сонымен қатар, Абай облысының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары қатысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қордың атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов ашылу салтанатында балаларды құттықтай отырып, «Аман келешек» қолға алынғаны бері әртүрлі бұзушылығы бар балаларды қалыпты ортаға бейімдеу және әлеуметтендіру бойынша кейстер, тәжірибелер мен әдістемелердің қалыптасқанын» атап өтті.
Фестиваль 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде оған еліміздің әр өңірінен 15 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысты. Олардың барлығы Алматыға жиналып, пандемия кезінде онлайн қосылды. Жылда фестивальдің басты құндылығы сақталады: оған дамуында ерекшелігі бар балалар мен дені сау құрдастары тең жағдайда қатысады.
- Семей біздің фестиваль бағдарламамызбен келген алғашқы қала болды. Әрі бұл бекер емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығы ең алдымен қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі жайлы болуы тиіс деп санайды. Осыған байланысты біздің фестиваль барлығына қолжетімді ортаны құру және дамыту міндетін көздейді, бұл мақсатты жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік қадамдардың бірыңғай тізбегін құрайтын маңызды буын болып табылады, - деді Игорь Иванович.
Фестиваль қатысушыларына, ата-аналар мен педагогтарды Семей қаласының әкімі де құттықтап сөз сөйледі:
- Дамуында ерекшелігі бар баланы тәрбиелеу – үлкен еңбек пен зор жауапкершілік. Осындай балаларды тәрбиелеп отырған сізге алғыс айтамын. Біз өз кезегімізде балалар қоғамда еркін сезінуі үшін қажетті жағдай жасаймыз. Қазіргі таңда ерекше қажеттілігі бар балаларды бейімдеу үшін Семейде оңалту орталықтары, түзету сыныптары, үйірмелер жұмыс істейді, - деді Нұрбол Нұрсағатов.
Күні бойы фестиваль бағдарламасы аясында «Инклюзия в Казахстане» панельдік сессиясы, Big Games турнирі, инклюзивті кино көрсетілімі, шеберлік дәрісі, «Социальная модель инвалидности» дәрісі, мотивациялық public talc, ата-аналарға арналған «Мой ребёнок уникален» авторлық психологиялық тренингі, бейімделген физиотренинг, аспаздық воркшоп, дефиле шеберлік дәрісі, инклюзивті fashion-шоу, Брайль шрифтіндегі жұмыстарды сипаттайтын көркем көрме өтіп, қазақстандық эстрада жұлдыздары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев өнер көрсетті.
Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің авторлық таңғы жаттығуы балалар үшін нағыз тосынсый болды. Спортшы қатысушылармен тілдесіп, фотосессия өткізді.
- Менің ойымша, бұл әлеуметтік жауапкершілік, тіпті әр адамның міндеті – балалардың дамуына инвестиция салу деп айтуға болады. Олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау қажет. Бұған осы фестиваль жарқын мысал бола алады. «Аман келешек» сияқты жобалар біздің қоғамға қажет. Іс-шараның бағдарламасы өскелең ұрпақтың үйлесімді білім алуы мен дамуына қажетті барлық маңызды саланы – спорт, интеллект, шығармашылық т.б. қамтиды. Жан мен тән, ақыл тепе-теңдікте болуы керек, — деді ауыр атлет Илья Ильин.
Фестивальде сарапшы, спикер және қонақ ретінде ҚР Парламенті Сенаты жанындағы әлеуметтік жобалардың жетекшісі Баян Жалмағанбетова, блогерлер Ардан Ғалымұлы, Еркебұлан Рүстемов, суретші Нұрлан Өтепбаев, Нидерланды Корольдігінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс, Канаданың Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Елшісі Алан Хамсон, режиссёр Азиз Заиров, Adamdart инклюзивті және әлеуметтік өнер театрының режиссёрі Алексей Ракульцев, ҚР Паралимпиадалық құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова, психотерапевт, педиатр, нарколог Махаббат Шәріпова және т.б. қатысады.
- Әкем екеуміз бүгін балалар үшін ұйымдастырылған фестивальге келдік. Мен алғаш рет Олимпиада чемпионы Илья Ильинмен кездестім. Ол бізбен бірге жаттығу жасады. Маған өте ұнады. Содан кейін мен батуттағы турнирге қатыстым, кино көрдім, - деді №9 ЖОББМ 9-сынып оқушысы Санжар Тұрсынқанов.
Семей қаласының инклюзивті білім беру саласының мамандары да алған әсерін бөлісті.
- Ойын және зияткерлік алаңдары ұйымдастырылды. Инклюзивті білімге қатысы бар блогерлер мен сарапшылар қатысты. Олар қоғамның мүмкіндігі шектеулі балаларға деген теріс көзқарасына, түсініспестік туындаған жағдай жөнінде өз өмірінде кездескен оқиғаларын айты. Іс-шара балаларға ғана емес, ата-аналарға да пайдалы өтті. Мұндай іс-шаралар өңірлерде жиі өтеді деп үміттенемін, — деді №9 ЖОББМ инклюзивті білім беру сыныбының мұғалімі Анар Кәрімова.
Іс-шара Семей тұрғындарын «Аман келешек» амбассадорларының қала күнімен құттықтаумен аяқталды.