logo

«Ол сені бір күні өлтіреді»


Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот қалай өтті?


Қуандық Бишімбаев біраз уақыт келешегі зор қазақстандық шенеуніктер қатарында болды: 29 жасында президенттің көмекшісі, 36 жасында министр қызметін атқарды. Әкесі ЖОО ректоры, мәжіліс депутаты болды.

2017 жылы Бишімбаевтың кісі қызығарлық қызмет жолы аяқталды – жемқорлыққа жол берді деген айыппен ұсталды, сотталды, бірақ көп кешікпей рақымшылыққа ілікті. Жеті жылдан кейін бұрынғы жас әрі келешегі зор саясаткер тағы да ұсталды, бұл жолы әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылды.

27 наурызда басталған сот 13 мамырға дейін жалғасты. Күтпеген бетбұрыстарды, іске қатысушылардың әрқайсының мінез-құлқын, Абай, Гитлер, Путин, көріпкел мен Дима Биланды қатыстыра отырып, олардың әрқайсының сөзін жазып шығу ешбір сценаристің қолынан келмес еді. Элитаның салтанатты өмірі, тұрмыс салты мен ой-пайымының қандай екенін көріп қана қоймай, ұрып-соғу мен күш көрсетуді жасырып-жауып, беті жылтырап өмір сүрудің үлгісін көрдік.

44 жастағы Қуандық Бишімбаевтың соты Қазақстандағы тікелей эфирде көрсетілген алғашқы сот болумен қатар, заң сауатын арттыру курсы және немқұрайлықтан арылту жолы іспетті болды.

Ең бастысы: сот процесі жүріп жатқан уақытта зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама күшейтілді, бұл түзетулерді көпшілік «Салтанат заңы» деп атап кетті. Тұрмыстағы зорлық заңына қарсылардың заңды қабылдатпауға талпынысынан бұл жолы түк шықпады, қоғам биліктен әрекет талап етті. Билік сәл де болса өзгеріске бет бұрды.

Бишімбаевтың бірінші соты: Мен кінәлі емеспін

Қуандық Бишімбаев бірінші рет 2017 жылы 10 қаңтарда ұсталды. Қылмыстық істе екі эпизод болды: бірінші, әйнек зауытының құрылысына қатысты эпизодта тергеу Бишімбаевтың осы жобаға қатысу үшін кәсіпкерден $2 млн пара алғанын дәлелдеді. Бұл істе немере бауыры делдал қызметін атқарып, ол да істі болды. Ал зауытты салу кезінде 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған.

Бұрынғы ұлттық экономика министріне «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша баспана құрылысы кезінде пара алды деген де айып тағылды. Тергеушілер Бишімбаев осы ақшаға, яғни 293 мың долларға Қосшыдағы үйін салып алғанына сенімді болды.

Ұсталғаннан кейін Бишімбаев жауап беруден бас тартты, қазіргі сот процесінде де осыған ұқсас жағдай болды. Сотта Бишімбаев өзіне тағылған қылмыстарға қатысы жоқ екенін айта келіп, «президенттің сенімін ақтамағаныма ұяламын» деп мәлімдеді. Ол бәріне бірге жұмыс істегендерді кінәлады.

Алдымен Назарбаевтан, сосын халықтан кешірім сұрап, «ұят болды әрі жаным ауырады» деді.

Бишімбаев бір жыл бойы жауап бермеуінің себебін: «БАҚ өкілдері қатысатын сотта ғана куәлік етуге заңды құқым бар, соны пайдаланайын деп шештім», – деп түсіндірді.

Сот барысында адвокаты Сәлімжан Мусин тергеу прокуроры Әлібек Айтжановқа қарсылық білдірді.

Бишімбаевқа мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, бірақ Назарбаевтың 2019 жылғы 13 ақпандағы жарлығымен рақымшылыққа ілініп, мерзімі 4 жыл болып қысқарды. Бишімбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш білдіріп, бостандыққа шықты. Нәтижесінде ол бір жарым жыл қамауда болды.

2023 жылы 9 қарашада кешкілік Астанадан Қуандық Бишімбаев мейрамханада әйелін өлтірді деген жайсыз хабар жетті. Көпшілік әңгіме Назым Қаһарман туралы деп ойлаған еді. Бірақ олар 14 жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасып, Бишімбаев Павлодардың бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің немере қарындасы Салтанат Нүкеновамен неке қиған екен.

Ертесіне журналист Михаил Козачков пен тағы бірнеше блогер қаза тапқан келіншекті қаралайтын инсайдтар шығара бастады. Ақпараттық соғыс сот процесінің өзегіне айналды. Сот басталғанға дейін, ақпан айында Бишімбаевтың адвокаттары Лейла Рамазанова мен Назкен Құсайынова журналист Гүлжан Ерғалиеваға сұхбат берді. Ел арасында дүмпу тудырған сұхбат сотталушыға көмектесуге тиіс еді, алайда көпшілікке керісінше әсер етті.

Сұхбаттан қорғаушылардың негізгі беталысы түсінікті болды: Салтанат күйеуі ұрғаннан емес, миындағы ісіктен қайтыс болды. «Қуандық та сүйіктісінен айырылды», – деп күтпеген уәж айтты Рамазанова. «Кейбір көріністер бар, бірақ ұрып-соғу, азаптау бар деп отырған жоқ, ерлі-зайыптылар арасындағы жай ұрыс-керіс», – деді Құсайынова бақылау камерасындағы қалыпқа келтірілген видео туралы айта отырып.

Бишімбаевқа қандай айып тағылды?

11 наурызда Қуандық Бишімбаев пен оның туысы, Салтанат Нүкенованың денесі табылған гастроорталық директоры Бақытжан Байжановтың үстінен сот процесі басталды. Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы – әйелін аса қатігездікпен өлтіру және қинау бойынша айып тағылды. Байжановқа тағылған айып – қылмысты жасыру және хабарламау. Біріншісі өмір бойы бас бостандығынан айырылып, екіншісі 5 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін еді.

Алдын ала сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін қызғаныштан бірнеше рет ұрып-соққан, туыстарымен және достарымен араласуға тыйым салып, материалдық тұрғыда өзіне тәуелді етіп қойған деп айтылды.

2023 жылы тамызда Нүкенова ұрып-соғуға төзе алмай, Павлодардағы ата-анасына кетіп қалады. Бірақ Бишімбаев оны қайтып келуге көндіріп, түзелуге уәде береді.

Қазан айының соңында ол тағы да келіншегін ұрып-соғады, сараптама қорытындысына сәйкес, субдуралды ісік Нүкенова қайтыс болғанға дейін 3-4 апта бұрын алған соққы нәтижесінде пайда болған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2023 жылы 8 қарашада Бишімбаев пен Нүкенова Дима Биланның концертіне барып, сол жерде екеуінің арасында ұрыс-керіс болған. Бишімбаев отбасына тиесілі көңіл көтеру орнының холында әйелін ұрған. Нүкенова әжетханаға жасырынуға тырысқанымен, Бишімбаев есікті бұзып кіріп, оны аса қатігездікпен ұруын жалғастырып, тіпті буындыруға дейін барған. Келіншектің қозғалыссыз қалғанын байқағанда ғана тоқтаған.

Қорқып кеткен Бишімбаев Байжановқа қоңырау шалады, оған қызметкерлерді таратып жіберуді, бақылау камерасынан барлық видеоны өшіруді, видеобақылауды өшіріп тастауды, Салтанаттың телефонын алып, қала ішінде жүріп келуді бұйырады.

Байжанов Нүкенованың тірі емес екенін көрсе де, қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған, бірнеше сағаттан соң ғана жедел жәрдемге қоңырау шалған.

Сот-медициналық сараптама анықталған дене зақымы денсаулыққа ауыр зақым келтіруге жататынын, Салтанат Нүкенованың өлімінің тікелей себебі екенін анықтады.

Бишімбаев кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді, ашық сот отырысын сұрады. 2018 жылы ол тек БАҚ алдында сөз сөйлеген болса, енді Бишімбаев үлкенді-кішілі бүкіл экранға шықты.

Кереңдер елі

Сотта Қуандық Бишімбаевтың қоластындағы адамдар немқұрайлық танытпағанда, Салтанат Нүкенова аман қалуы мүмкін екені түсінікті болды.

Ұрып-соғу туралы көбі білгенімен, «отбасылық мәселеге» араласпаған. Жөндеу жасап жатқан жұмысшының соққыны ести тұра әкімшіге жазғаны: «Әйелі тірі деп үміттенемін».

Гастроорталық директоры Байжанов пен әкімші экс-министрдің тентектігіне үйренген, олар тек қонақтар келгенге дейін есік пен жиһазды қалай тезірек жөндеуді, сынған ыдыс-аяқты қалай есептен шығаруды ғана ойлаған. «Оны шетелге жіберіп, адам құсап жұмыс істейікші», – деп жазған әкімші Байжановқа. Салтанат өлім хәлінде жатқан кезде де (немесе, сараптама мәліметі бойынша өліп те қалған болуы мүмкін) бәрі банкет пен сынған есікті уайымдаумен болған. Адам туралы ойламаған.

Бишімбаев алғаш сөз алған сәттен-ақ неліктен алқабилер сотын және журналистердің қатысқанын сұрағаны белгілі болды. Бұрын-соңды шенеуніктердің дені сауатты сөз саптауымен, сендіру қабілетімен көзге түспесе, Бишімбаев бұл қатардан емес.

Ол байсалды, ырғақты сөйлейді, тек сот соңына қарай жүйкесі жұқарып, кейде дауыс көтере бастады. Бұл білімді, өзіне сенімді адамның сөзі. Сот бойы ол қорғаушыларына – үш адвокаты мен анасына жазба жазумен болды.

Прокуратура тергеу кезінде Бишімбаев жауап бермегенін атап өтті – біресе ауырған, біресе жай ғана бас тартқан. Алайда бұл олқылықтың орнын сотта көп сағаттық монологымен еселеп қайтарды.

Оның негізгі риторикасы Салтанат Нүкенова шу шығарды, қызғанды, өзіне не керегін білмеді, біресе Павлодарға кетті, біресе Астанаға қайтып оралды, қинап, мұны «эскалациялады» дегенге саяды – Бишімбаев бұл сөзді жиі қолданғаны сонша, сот отырысындағы көрерменнің өзі эскалациялана бастады. Ол долы әйелден әбден шаршаған еркектің образын жасады, бұл аудиторияның бір бөлігіне болса да әсер етері сөзсіз.

Ол әйеліне аз ғана талап қойғанын: таңертең бірге тұрса, тамақ жасаса, кешкі аспен қарсы алса дегенін айтты. Әйеліне сыйлықтар берген, демалуға апарған, ал ол қызғанышпен, ерсі қылықтарымен мазасын кетірген. Осының бәрін еңсеру үшін Бишімбаев әйеліне дәрігер тағайындамаған «Атаракс (транквилизатор)» препаратын берген және ол көп ұйықтайтын деп шағымданды.

Бишімбаев пен оның адвокаттары қинаған жоқ, өлтіремін деп ойламады дегенді табандап айтумен болды, олар Салтанаттың өлімі кездейсоқ болды, оның басында ісік бар екенін ешкім білген жоқ дегенге тіреді. Оның үстіне Салтанат өзі соған алып келген, күйеуін кемсітіп, сыйға тартқан әшекейлерін жұлып алып, унитазға ағызған дегенді айтты.

Адвокат Назкен Құсайынова сот басында тіпті жәбірленуші тарапқа «өлтіру» сөзін айтуға тыйым салғысы келді. Айтпақшы, айыпталушы тарапта да, жәбірленуші тарапта да үш адвокаттан, ал Байжановта екі адвокат болды. Процесте әйелдер саны еркектерден көбірек болды: судья, прокурор, адвокаттар.

Бишімбаевтың айтуынша, азаматтық некедегі әйелі мас болғандықтан унитазға бетімен бірнеше рет құлап қайтыс болған, ал сот соңына қарай Бишімбаевтың адвокаттары унитазды ақтап алып, ендігі кінәлі «шапалақпен ұрғанда» басы ұрылған кірпіш қабырға болды. Айыпталушы әйелін жұдырықпен емес, саусақпен ғана ұрды дегенді үнемі қайталаумен болды. Бұл жағдай көпшіліктің санасына әсер етеді деп ойласа керек.

Бишімбаевтың әңгімесі бастапқыда біреулерге сенімді көрінген болуы мүмкін: Нүкенова ішіп алып, құлай берді, сосын олар үйге жиналды, бірақ лифтінің қасында ол Бишімбаевқа көңіліне тиетін сөздер айтты, сол кезде ол әйелінің бетінен ұрып, құйрығынан бірнеше рет тепті – Бишімбаев зақым келетіндей қатты ұрмағанын бірнеше рет атап айтты. Ол құйрықтан тепкенде ішкі азғаларына ештеңе болмайтынын білген. Осыдан кейін Салтанат ұйықтап кеткен, ал Бишімбаев Байжановтан бақылау камераларынан барлық жазбаны өшіріп тастауды сұраған. Байжанов себебін сұрамаған, бірақ кейін Бишімбаевтың өзі мұны «видео әшкере болады, интернетке тарап кетеді деп қорықтым» деп түсіндірді.

Сотталушының өтінішімен Байжанов Салтанаттың телефонын алып, оны ұстап жүріп қалада жүріп қайтқан. Ол қарындасының геолокациясын көріп отырған Салтанаттың ағасы Айтым Амангелді келеді, «тағы да қырылысады» деп қорыққан. Наурыз айында Нүкенова ағасына соққының ізі бар фотосуреттерін жіберген екен. Айтым сол кезде келіп, төбелес болған, содан кейін де ағасы қарындасын Бишімбаевтан кетуге ұзақ үгіттеген: хат алмасу кезінде ол тіпті «сені бір күні өлтіреді» деп те жазған. Бишімбаев әйелін осы оқиғадан кейін 7 айдан соң өлтіріп отыр. Бұған дейін Нүкенова одан бірнеше рет кетіп қалмақ болған.

Бишімбаев сотта әйелінен зәрезап болған үлгілі еркектің образын құрастырумен болды, бірақ бақылау камерасынан қалыпқа келтірілген видеолар бәрінің күл-талқанын шығарды.

Видеода ол Нүкенованы шашынан сүйрейді, бетінен көп рет ұрады, ызалана тебеді. Келіншек қарсылық танытпайды, тіпті қолын созуға да тырыспайды. Ол бас сауғалап жасырынады, Бишімбаев есігін жиырма реттен аса штативпен ұрып бұзған әжетханада, Салтанат неше сағат бойы қиналып өлген вип кабинада (онда келіншектің қанының ізі табылғанмен, саусағының ізі табылған жоқ) не болғанын өзіңіз шамалай беріңіз.

Нүкенова туралы көп білеміз, ал Бишімбаев туралы ештеңе білмейміз

Бишімбаев телефонының кілтсөзін тергеуге берген жоқ, бірақ әйелінің ұялы телефонының кілтсөзін берді. Ақырында өлген келіншектің айфоны егжей-тегжейлі зерттелді (әйтсе де, сотталушының адвокаттары тергеу соңында Нүкенованың телефоны «толық көлемде зерттелген жоқ» деген пікірде болды).

Сотта келіншектің бүкіл өмірі баяндалды: оның ағасымен хат алмасуы, жеке жазбалары, жіберілмеген хаттары, құрбыларымен хат алмасуы, банк аударымдары, сотта тіпті құрбылары мен көмекшісіне жіберген дауыстық хабарламалары тыңдалды.

Оның некеге дейінгі жеке өмірі, кіммен кездескені, қанша ақша жұмсағаны, қалай киінгені талқыланды.

Бишімбаев жеке дүниесін, хаттарын, интим фотосуреттерін қорғау үшін деген желеумен өз телефонының кілтсөзін берген жоқ. Бұл сотта оның құпиясы сақталды да, Салтанаттікі сақталмады. Тұрмыста зорлық көргені, қиналып өлгені аз болғандай, қысқа ғана ғұмырын түгел қопару қажет болды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова айтқандай, «Салтанат өзін қорғай алмайды, өйткені оны өлтіріп тастады». Айтым Амангелді Салтанатты қинаған видео мен денесінің фотосуреті эфирге шықпағанын қалап еді, бірақ айыпталушының адвокаты Ерлан Ғазымжанов осындай жазбалардың бірін кездейсоқ «жария» қылды.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары Бишімбаев пен оның адвокаттарының Салтанат ішімдік ішті (сараптама нәтижесі бойынша оның мөлшері елеусіз болып шықты), бейәдеп сөз айтты деп өлген келіншекті қаралағанына бірнеше рет назар аудартқан еді. Бірақ ұсынылған іс материалдарынан балағат сөз айтып жүрген жалғыз Бишімбаев екенін байқаймыз. Салтанат туралы жаман сөз айтқан да жалғыз Бишімбаев. Адвокат Джохар Өтебековтың айтуынша, құрбанды қаралау – процессуалдық тәртіпті бұзу.

«Сот залында Бишімбаев жәбірленуші Салтанатты қаралағаны айтылды. Бірақ Қуандықтың басқа амалы жоқ: не ол Қылмыстық кодексте қарастырылған ең ауыр қылмыстың бірін мойнына алады, не сотта тек қана шындықты айтады. Бірінші жағдайда Қуандық өзіне үкім кесіп бермек. Ал екінші жағдайда Салтанат туралы да тек қана шындықты айтуы керек», – деп түсіндірді қорғау бағытын адвокат Рамазанова жарыссөз кезінде.

Рамазанова мен оның әріптестері Салтанаттың ғұмыры қысқа болғанымен, ол Бишімбаевтың арқасында жақсы өмір сүрді дегенді алға тартты. Рамазанованың мына бір сөзі тіптен тұрпайы болды:

«Өзіне сенімді, бақытты, ақшадан таршылық көрмеген Салтанаттың талғамға сай киінген және әшекей таққан фотосуреттері – Қуандықтың махаббаты мен қамқорлығының нәтижесі. Ол өмірінде алғаш рет ақ көйлек киді, ал одан бұрынғы жігіттердің ешқайсы үйленуге ұсыныс жасаған жоқ қой. Алайда ол отбасылық өмірді алдаудан бастады, ақыры бұл 9 қарашадағы қайғылы жағдайға алып келді».

Бишімбаев Салтанатты қазіргі кезі үшін емес, өткен өміріндегі жағдайлардан қызғанды. Айтуына қарағанда, неке қиғаннан кейін келіншек бірнеше жыл бұрын белгілі бизнесмен Райымбек Баталовпен кездескенін мойындапты. Бишімбаев мұны алдау деп қабылдаған, мынадай мойындаудан кейін «әлгі адамның алдында ұятты болып қалған». Ұялуға не себеп болғаны сол күйі ашылған жоқ – алқабилер басқаша түсініп қалмас үшін айыпталушының психологиялық сараптама нәтижесі сотта айтылған жоқ. Бірақ тараптардың жарыссөзі кезінде адвокат Игорь Вранчев бұрынғы министрде Отелло синдромы – елірмелі қызғаныш бар екенін, әрі Бишімбаевтың өзі әйелінің көзіне шөп салғанын айтты.

Бишімбаев сотта Райымбек Баталовтың аты-жөнін атағаннан кейін бизнесмен Салтанат Нүкеновамен кездескенін жоққа шығарып, видео жариялады.

Соттың алғашқы күндерінде процесті судья Айжан Көлбаева емес, Бишімбаевтың адвокаттары бақылауда ұстап отырғандай әсер болды: олар «ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген тактиканы ұстанды, істен мейрамханадағы бақылау камерасының жазбаларын алып тастауға тырысып, олар процедурадан тыс алынған деп мәлімдеді, Салтанат Нүкенованың әкесінде психикалық проблема болған дегенге келтірді. Жәбірленуші тарап бұған дайын болып шықты, жорамалды жоққа шығаратын тиісті анықтаманы көрсетті.

Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенова мен құрбысы Аида Ахмедина арасындағы хат алмасу скрині қолдан жасалған болуы мүмкін деді, онда марқұм Бишімбаевты құбыжыққа теңеп, келіншектің жалаңаш видеосын түсіріп алғаны айтылған еді. Бишімбаев осы видеоны пайдаланып, оны ұстап қалмақ болған, себебі Нүкеновтер отбасында Салтанаттың азаматтық күйеуі ұрып-соққанын көрсететін суреттер болған, ал интим видео болашақта бопсалаудан қорғайды деп санаған.

Бір күні Бишімбаевты қорғаушы Ғазымжанов қатысушылардың бәріне, соның ішінде алқабилерге де Салтанатпен хат жазысу скринінің фотосын таратты, сөйтті де қолдан жасауға болатынын көрсету үшін бұларды қолдан жасағанын мойындады. Судья бұл перфомансты құптаған жоқ.

Кейін судья процесті өз қолына алды, дегенмен, бірсарындылық, бір айтқанды бірнеше рет қайталау жойылған жоқ: Бишімбаев Салтанатпен тұру қиын болғанын, қалай «эскалация жасағанын» көп рет қайталады, ал адвокаттар әр нәрсеге бола салғыласудан шаршамады.

Көріпкелге бармай-ақ белгілі

Соттағы күтпеген бетбұрыстың бірі бұрынғы ұлттық экономика министрінің тылсымға сенімі болды.

Нүкенова өлім аузында жатқан кезде Байжанов Бишімбаевқа жедел жәрдем шақыруды ұсынады, оның орнына бұрынғы шенеунік Шымкентте тұратын көріпкелге хабарласып, «Салтанатқа не болғанын» біліп беруді өтінеді. Айтуынша, ол бәрі жақсы, Салтанат шаршап қалған, ұйықтап алуы керек деп жауап берген. Бишімбаевтың көңілі орнына түскен. Кейін ол көрші кабинада блогер Гүлнар Насырбековамен кездесіп, шампан ішкен.

Көріпкел әйел «мас болып» қоңырау шалған Бишімбаевқа жедел жәрдем шақыру керек деп жауап бергенін айтты. Оның айтуынша, Бишімбаев қайта-қайта қоңырау шала бергеннен кейін тұтқаны көтермей қойған.

Көріпкелден жауап алу кезінде таро картасынан көңілі қалғандай болған Бишімбаевтың кескін-келбеті мен оның адвокатының эмоцияға толы сұрақтары ерекше есте қалды. Судья куәгерге дауыс көтермеуді және қысым көрсетуді доғаруды сұрап, екі рет адвокаттың сөзін бөлді. Құсайынованы бәрінен бұрын Бишімбаев көріпкелге хабарласқанда оның картаны ашпай, сапасыз қызмет көрсеткені алаңдатқан секілді. Судья көріпкелден қандай да бір қабілеті бар-жоғын сұрап еді, ондай нәрсе әрқайсымызда бар деп жауап берді.

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі көріпкелден бизнес жөнінде кеңес алғаны белгілі болды: ақшаны қайда салу керек, қарыздарын қашан қайтарады, т.б. сұраған. Әйтсе де, сотта жауап берген кезінде Бишімбаев өзін барынша нағыз мұсылман етіп көрсетуге тырысты: ораза ұстайды, Салтанатпен екі рет неке қиған. Айтпақшы, егер неке ресми тіркелмесе, бұл рәсімді жасауға заңда тыйым салынған. Сол себепті сот кезінде неке қиған дін қызметшісі де сынға қалды.

9 қараша күні күндіз әлденеден сезіктенген Байжанов таныс неонатолог дәрігерге қоңырау шалады, ол жедел жәрдем шақыруға кеңес береді. Әрі қарайғы жауаптар бір-біріне ұқсамайды, ақырында ешкім ешқайда қоңырау шалмаған (көріпкелге толассыз шалынған қоңырауды есепке алмағанда), мүсәтір спиртін сатып алғанмен, ол Салтанаттың ес жиюына көмектеспеген. Алайда, Бишімбаев аса уайымдай қоймаған.

Сараптамалар шайқасы

Сот процесінде 9 сәуірде медицина сараптамашысы Тахир Халимназаровтың сөз алуы бетбұрысты сәт болды. Ол сотқа 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Салтанат алған зақымдардың орны белгіленген манекен бас алып келді. Оның тұжырымы Нүкенова унитазға бетімен құлағаннан соншалықты зардап көруі мүмкін емес екенін айғақтайды: «Мұрын жарықшақтанып сынуы үшін адамды унитазға ұру керек», – деп нақты айтты ол сотта.

Сонымен қатар Халимназаров басына соққы болғанын, «мойынды қысу» белгілері бар екенін мәлімдеді. Судья Айжан Көлбаева сарапшыдан бассүйек-ми зақымы болмаса, Нүкенова буындырғаннан өлуі мүмкін бе еді деп нақтылап сұрағанда, сарапшы «иә» деп жауап берді.

Қорғаушы тарап Халимназаровтың сөзіне дайындалып келді, олар ресейлік Пирогов атындағы институттың сарапшыларына және бір қазақстандық сарапшыға жүгініп, мүрдені сою туралы құжат негізінде олардың өзгеше түйін жасағанын мәлімдеді. Мысалы, Нүкенованың субдуралды ісігі «бас миы қабықшасының қантамырларының жергілікті патологиялық жай-күйінен пайда болуы мүмкін» екені айтылды. Судья олардың қорытындысын айтып беруге рұқсат етсе де, құжаттарды іске тіркеуден бас тартты.

Қазақстандық сарапшының тұжырымын тіркеу жөнінен олқылық анықталса, ресейлік сарапшыларға қатысты тіпті күтпеген бетбұрыс болды: Эдуард Туманов деген сарапшы Бучадағы фотосуреттерге талдау жүргізгенде мұның қойылым екенін айтқан. Сонымен қатар, полиция қызметкері қағып кеткен 6 жасар баланы мас болған деп тұжырым жасаған. Екінші сарапшы Евгений Кильдюшев Сот-медициналық сараптама бюросынан жанжалмен қуылған екен. Беделі мұндай күмәнді осындай сарапшыларға жүгінудің өзі ақылға сыймайды.

Соңғы сөзінде Бишімбаев Халимназаровты да атап өтті, ол туралы Козачков та, марқұм Бендицкий де материалында «жазғанын» айтты.

Ресейлік интервьюерлер

Ресейлік сот-медицина сарапшыларынан бөлек, ресейлік блогерлер де тартылды. Бірде сот залында кенеттен Ксения Собчак пайда болды, сосын Наталья Грейс келді, бірақ оны шығарып жіберді.

Кейін Собчактың Бишімбаев ісі туралы, жалпы Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы репортаж жасағаны белгілі болды, ол үш күн ішінде 6,5 млн рет қаралды.

Грейс Бишімбаевтың ата-анасымен сұқбаттасты, Бишімбаев Нүкеноваға дәрігердің нұсқауынсыз берген Атаракс препаратын кінәлады, айыпталушының миын зерттеу керек деді, сотта қылмыскерлерді көп қорғайтын ғалым Роберт Сапольскиді еске алды, ал соңында өзі шығарған, тез арада таралып кеткен «Отпусти меня, боль» өлеңін оқыды. Бұл шығарылымға пікір жазу мүмкін болмады. Шығарылымды 830 мың адам қарады. Үкім шығардың алдында Грейс тағы бір видео жазып, хейтке шағымданды, Астанада өмірін қатерге тіккенін айтты.

Сот ауқымы бірден-ақ Қазақстан аумағынан шығып кетті. Бұған посткеңестік елдердің бәріне ортақ тұрмыстағы зорлық проблемасы себеп болса керек. Әлеуметтік желілерде психологтар мен басқа да мамандар айыпталушы психопат па, оның басқа да құрбандары болды ма, ол бұқараға қалай ықпал етеді деген мәселелерді талқылады, оның сөйлегені, дауыс ырғағы, т.б. талданған видеолар көптеп пайда болды.

Физиогномика мамандары куәгерлердің жауаптарын талдады, әсіресе 9 қарашада күндіз Бишімбаевпен вип кабинеда болған «этикалық веган» Насырбекова көп айтылды. Ол Бишімбаевты жақын танымағанын, оның үйленгенін де білмегенін айтты, алайда олар бір жарым сағат бойы әлденені талқылаған. Сосын ол Бишімбаевқа «Сенен раушан гүлінің иісі шығады» деген жұмбақ хат жібереді. Насырбекова бұл хатты негізінде басқа адамға жібергенін айтты, алайда желіде бұл хат Come up/out smelling like roses идиомасымен байланысты деген нұсқа тарады, оның қиын жағдайдан «құрғақ» шығу деген мағынасы бар.

12 тосын видео

Сотталушының адвокаттары қинау бабын алып тастауға тырысты. «Бір жылда болған үш оқиға жүйелі түрде қинау дегенді білдіре ме?» – деп сұрады сотталушының қорғаушысы Ғазымжанов тараптар жарыссөзінде.

Бишімбаев 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Нүкенованы камерадан тысқары жерде ұрмағанын айтты. Ол өзінің телефонын соттың зерттеуіне беруге уәде етумен болды: айфон ҰҚК бесінші бөлімінде де болғанмен, оны аша алмаған.

Бишімбаев сотқа кілтсөзін айтуға тиіс сәт туғанда ол сөзінен тайқып шықты: қауіпсіздік мақсатымен кілтсөзін адвокаты ғана білгенін қалады. Судья бұл ұсынысты қабылдаған жоқ, мұндай жағдайда телефон іс материалдарына тіркеле алмайды. Ақыры бір күн ойланып, Бишімбаев прокурорға кілтсөзді айтты. Оған дейін Бишімбаев пен оның адвокаттары тергеуге сенбейтінін талай рет айтқандықтан, прокурор судьядан айыпталушының телефонын тексеруді сұрады.

Судья Айжан Көлбаева кілтсөзді теріп, телефоннан Бишімбаев Нүкенованы өлтірген түні түсірген 12 видео тапты.

Бұл қысқа видеоларда ол Салтанаттан Баталовпен қарым-қатынаста болғанын мойындауды 175 рет талап етеді. Балағат сөздерді айта отырып талап етеді, келіншек ондай болмағанын айтып ант-су ішеді – тумаған балаларының, жақындарының өмірімен ант етеді, бір кезде Бишімбаев жатырымен ант етуді талап етеді. Соңында қалжыраған Салтанат әлсіз дауысымен: «иә, болды» деп мойындайды.

Нүкенова басы ауырып тұрғанын айтып, әжетханаға жіберуді өтінеді, бірақ Бишімбаев оны жалаңаш күйде еңбектеп жүруге, әлденені іздеуге мәжбүрлеп, тіл тигізеді.

Келіншектің қолында қан жұққан жейде болды, соны Қуандыққа көрсетіп: «Мынау дәлел болады, сен 10 жылға отырасың» дейді (адвокат Дамир Ишмаметовтың куәлік етуінше). Тергеу бұл жейдені ақыры таба алмады. Бишімбаев ол өзінің көйлегі екенін, онымен Салтанат бетін сүрткенін айтты.

Судья Көлбаева Нүкенованың ағасына бұл видеоны көрмеуді ұсынды, бірақ ол бұл кеңеске құлақ асқан жоқ, қарап отырып үнемі жылаумен болды.

Бұл видеоны түсіргенін ұмытып қалған Бишімбаев сотқа бұл видео өзінікі емес екенін, оларды біреу салған болуы мүмкін екенін айтып, ақтала бастады. Алайда бір сағаттан кейін «өзім түсірген сияқтымын» деп мойындады.

Видео есінде жоқ, есесіне сөз сөйлегенде Салтанатты басынан ұрмағанын қайталаумен болды. Адвокат Жанна Оразбақованың Салтанатты басынан ұрдыңыз ба деген сұрағына ол: «Бетінен ұрдым», – деп жауап берді. «Сіздің ойыңызша, бет анатомиялық тұрғыда қай жерде орналасқан?» деген сұраққа Бишімбаев бет бастың бөлігі емес екенін айтып, сөз таластырумен болды.

Судья вип кабинадағы үстел үстінде Салтанаттың бір уыс шашы қайдан пайда болғанын сұрағанда, Бишімбаев жай ғана басынан сипағанын айтты.

Бишімбаевтың телефонынан табылған хаттар оның бет-бейнесін аша түседі. Әйелі өліп жатқан сәтте ол телефонында «Юлия Супер» деп сақталған қызға хат жазып, онымен кездесу туралы келіскен, моншаға қоңырау шалған.

Судья Юлиямен болған хат алмасуды оқи бастағанда Бишімбаев бұл «жеке нәрсе» деп тоқтауын сұрады. Жеке нәрсе өлгендерге келгенде ескерілмей қалатыны қызық.

Айғақтар қайда кетті?

Бүкіл ел (орыс тілінде сөйлейтін әлемнің басқа да адамдары) сотты тікелей эфирде алғаш көріп отырғандықтан, тергеу сапасына қатысты сұрақтар бірден шығып отырды: Бишімбаевтың көйлегі қайда, вип кабинада неліктен Салтанаттың саусақ ізі жоқ, мүсәтір спирті қайда, Бишімбаев немесе Байжанов барлық ізді кетіріп тастауы мүмкін бе, мейрамхана толық жабылған кезде Насырбекова не үшін келді? Сол сәтте Путиннің Астанаға сапары болған, мейрамхана тіпті осы делегацияны да қабылдамаған. Неге видеода Салтанаттың аяқкиімі басқа да, сотта басқа етік көрсетілді? Нүкенованың құрбысының барлық хаты неліктен іске тіркелген жоқ? Ал сотта Ахмедина Салтанат пен айыпталушының қарым-қатынасына қатысты жаңа хаттарды оқыды. Мейрамхананың бақылау камерасының видеосын неге орган қызметкері емес, жай жалдамалы программист қалыпқа келтірді?

Оның үстіне, сотта Байжанов тергеу изоляторында Бишімбаев мейлінше емін-еркін жүргенін, тіпті бәрі жатқаннан кейін дәлізде кездескенін де айтты.

Байжанов өзіне Бишімбаев қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеп, сот залында бір-бірінен алшақ отырғызуды сұрады. Сөйтсек, Бишімбаев алыс туысының атына көлігін жазып қойған, ал Байжанов көлікті Бишімбаевтың бұрынғы әйелі, үш баласын тәрбиелеп отырған Назым Қаһарманға беру керек деп шешкен. Бұрынғы әйелі басынан-ақ Нүкенованың отбасына қолдау білдірді және Бишімбаевтың ата-анасы немерелерінен бас тартқанын айтты.

Кейін Ксения Собчакқа берген сұхбатында Назым Қаһарман жемқорлықпен байланысты сот кезінде күйеуінің бірнеше көңілдесі бар екенін білгенін, түрмеден шыққаннан кейін бір ай өткенде онымен ажырасқанын айтты. Сол кезде Бишімбаев ашумен унитаздың қақпағын жұлып алып, Назым Қаһарманға лақтырған екен. Сот куәлік етуге бұрынғы әйелін шақырған жоқ. Салтанат азаматтық некедегі күйеуінен кетіп қалғанда оның ізін аңдыған болуы мүмкін астаналық үй қызметшісі де шақырылған жоқ. Белгісіз себеппен алматылық көмекшіден жауап алынды, бірақ ол ештеңе айта алған жоқ, өйткені ерлі-зайыптылар туралы жөнді ештеңе білмеген. Насырбекова раушан гүлі туралы әйгілі хатымен бірге Бишімбаевқа фотосурет те жіберген, ол сот кезінде жүктелмей қалғандықтан, неғылған сурет екенін біле алмаймыз. Бишімбаев пен Нүкенованың 8 қарашадағы ұрыс-керісіне себепші болуы мүмкін деген Индира Асанбаевадан да жауап алынған жоқ, Юлия Супер, ерлі-зайыптылар барған психолог, мейрамхананы қарауға келген президент күзетінің қызметкері шақырылған жоқ, Қуандық Бишімбаевтың телефоны дұрыстап тексерілмеді.

Жалпы, судья Көлбаева куәгерлерден жауап алуды тездетіп аяқтап тастады, ал тараптар қарсы болған жоқ.

Прокурорлар мен адвокаттар да сот отырысының басында аса сенімді көрінген жоқ. Процеске қатысушылардың барлығы (айыпталушыдан басқасы) көпшіліктің алдында сөйлеп үйренбеген, айтар ойынан жаңыла берді, сөз таластырды, бірақ біртіндеп көрерменнің көз алдында тәжірибе жинай бастады: процесс соңына қарай судья пікірталасты тез арада арнасына қайтарып, Бишімбаевтың айтқан сөзін он рет қайталауына, ал адвокаттарға дауыс көтеруге жол бермеді.

Тараптардың жарыссөзі

Тараптардың жарыссөзін қарапайым көпшілік әдетте америкалық фильмдерден көреді. Онда адвокаттар шешендік танытып, актёрлік шеберлігін салып кейіпкерді құтқарады немесе зұлымның жазасын береді. Сондықтан Бишімбаев ісі бойынша тараптардың жарыссөзін асыға күткендер бар.

Бірінші «Айыпталушы, сіздің позицияңыз көріпкелге бармай-ақ белгілі» деген сөзімен танылған прокурор Айжан Аймағанова сөз алды. Прокурордың жақсылап дайындалғаны көрініп тұрды, ол Абайдың сөзін келтірді, сот процесі басталған кезге қарағанда анағұрлым сенімді көрінді. Бишімбаевты қорғаған Лейла Рамазанова, неге екені, мәтінді оқығанда жылауға шақ қалып тұрғандай көрінді, экс-министрдің тағы бір қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов: «Қаланың сыртына апарып, өлтіріп, далаға көміп тастауға болар еді, киллер жалдауға болар еді. Бірақ істе киллерді жалдауға деген ешқандай әрекет жоқ», – деген сөзімен есте қалды. Жалпы алғанда, қорғау жағының ұстанымы Бишімбаев әйелін мәпелеп ұстады, оған ақша берді, әдемі киім-кешек алып берді, оның өлімі ойда-жоқта болған өкінішті жағдай дегенге саяды.

Игорь Вранчевтің мына жалынды сөзі енді оны сотқа беруге себеп болуы мүмкін деген шағым жасалды: «Бишімбаевты бірауыздан айыпты деп танып, оның бостандыққа шығуына еш мүмкіндік бермеу арқылы сіздер бүкіл Қазақстанды, бүкіл халықты тәуелсіздік жарияланғалы 30 жылдан астам уақыт өтсе де, еш өзгеріс болмауына себепші элита паразиттерінен азат етесіздер. Қарапайым халық, қарапайым адамдар жоқшылықта, өз проблемасынан аса алмай өмір сүріп жатыр... ал қоғамымыздың осы паразиттік қабатының қай кезеңде пайда болып, ненің есебінен министр, ірі бизнесмен болғанын, әлі де солай болып келе жатқанын біз білеміз.

Біреуін қамау арқылы сіздер осы процесті көріп отырған өзгелеріне сабақ бересіздер. Ол бостандыққа шыға ма, жоқ па деп күтіп отырған өзге «бишімбаевтарды» айтып отырмын. Ол бостандыққа шығып кетіп жатса, сіздер өзгелерге осы 30 жылдан астам уақыт ішінде істеп келген бассыздық пен жазасыз құтылып кету секілді нәрсені жалғастыруына жол бересіздер».

Вранчев психологтардың тұжырымы бойынша Бишімбаевтың нарцисс және садист екенін, оның ашық сот процесін сұрағаны да сол себептен екенін айтты. Адвокаттың пікірінше, айыпталушы сот барысында да істеген ісіне өкінген жоқ: «Оны түсінуге тырысудың қажеті жоқ. Сіз бен біз үшін бұл ақылға сыймайтын қатыгездік. Ол үшін жай ғана әдеттегі бейсенбі. 9 қараша ол үшін жай күн болды, ол өзін адамзаттың үздік өкілі санайды, ал қалған жұртқа өзіне және мақсатына қызмет етуші құрал деп қарайды».

Айтбек Амангелдінің сөзі эмоцияға толы болса, Жанна Оразбақованың сөзі нақты іске сай, орынды болды. Жәбірленуші тарап Бишімбаев пен Байжанов Салтанат Нүкенованың денесінен құтылуға тырысты, сондықтан вип кабинадағы және Бишімбаевтың аяқкиіміндегі іздің барлығы өшірілді деп санайды. Биланның концерті кезінде Салтанат нөмірін таба алмай жатқанда гардеробта Бишімбаевтың: «Пальтоңды алмай-ақ қой. Бәрібір саған енді қажеті болмайды», – деген сөзіне назар аударуға шақырды.

Бірақ, Бишімбаев пен Байжанов Путиннің Астанаға келуіне байланысты жақын маңда жүрген президент күзеті қызметкерлерінің кесірінен ойын іске асыра алмады. Салтанат қашан өлгені маңызды сұрақ болды. Прокуратура түсте десе, Бишімбаевты қорғаушылар 18.00-19.00 кезінде болған деді. Прокуратура сараптамаға, айыпталушы жедел жәрдем фельдшерінің жауабына сүйенді. Ал ол патологоанатом емес екенін ескертті.

Егер Салтанат түсте өлген болса, екеуі кешке дейін алиби іздеп, із жасыруға тырысқан болып тұр.

Жарыссөз кезінде айыптаушы мен жәбірленуші тараптың ұстанымы ортақ болған жоқ: прокуратура тікелей пиғылмен өлтірген десе, жәбірленуші тараптың адвокаттары жанама пиғылмен деді.

Бишімбаевты қорғаушылар қатарында анасы Альмира Нұрлыбекова болды, ол келінінің мас болғанына сот тиісті назар аударған жоқ деп есептейді. Салтанаттың қаны мен зәрінен табылған алкоголь мөлшері аз деңгейде болған. Бишімбаевтың анасының айтуынша, қайғылы оқиғаға қызғаныш, алкоголь мен ұлының жүйкесі жұқаруы себеп болды. Ол ана ретінде сәтсіздікке ұрынғанын мойындады және қоғамның бүкіл күнәсі мен бәлесін бір адамға, оның Қуандығына артпауды сұрады. Ол ұлына әділ әрі мейіріммен қарауды сұрады, болған оқиға өз отбасына да, Нүкеновтер отбасына да үлкен қайғы екенін атап өтті, тура осы ретпен айтты.

Алқабилер

Алқабилер соттағы сирек құбылыс емес. Мысалы, Баян Алагөзованың бұрынғы күйеуінің ісін де алқабилер қарады. 2016 жылы ол әйеліне пышақ сұғып, бетін бұзды. Ақыры 9 жыл арқалап, 2022 жылы мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты. Алайда алқабилердің қатысуымен сот алғаш рет тікелей эфирде өтті. Оларға қысым болмауы үшін судья Айжан Көлбаева БАҚ өкілдеріне трансляция кезінде олардың бетін көрсетуге тыйым салды, алайда көп кешікпей КТК арнасы бұл талапты бұзып, видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Қысқа уақытқа сыртқа шығарылғаннан кейін БАҚ отырыс залына қайта оралды, бұл процеске ресейлік журналист Собчак қатысқан күнге тұспа-тұс келді.

Процесс кезінде алқабилердің бірі денсаулығына байланысты шығып қалды, Бишімбаевтың телефонындағы әлгі видеоларды қараған кезде алқабилер ес жинап алу үшін үзіліс сұрады. Алқабилер бұл процестегі басты тұлғалар болды: барлық адвокаттың, жәбірленуші Айтбек Амангелдінің, Бишімбаевтың сөздері соларға қарата айтылды, бәрі де оларды өз жағына шығаруға тырысты.

Соңғы сөзінде Бишімбаев алқабилер әділ үкімге деген оның басты үміті екенін айтты, ол тіпті «сіздерді таңдадым» деп қалды, бұл өзінің жалдаушы екеніне ишара білдіргендей көрінді. Бишімбаев бұл сөзді бекер айтқан жоқ – алқабилердің қатысуымен болатын сот оларсыз өтетін сотқа қарағанда ақтау үкімін жиірек шығарады.

Қазақстандағы жүйе аралас, он алқабидің қолына бәрін беріп қоймайды, судья да олармен бірге дауыс береді. Адвокат Өтебековтың айтуынша, бұл сотқа дейінгі тергеу сапасы төмен болған кезде құқық қорғау жүйесіне үлкен қатер төнуімен байланысты. Сондықтан айыптау бағыты сақталуы үшін керек. Өтебеков алқабилердің қатысуымен өтетін сот процесін Бишімбаев ісіне ғана қарап бағалауға болмайтынын айтып отыр – «алқабилердің қатысуымен өтетін кез келген қатардағы процесс жақсырақ өтеді». Мұнша созу мен ұрыс-керіс бола бермейді.

Бұл сот басқаларға үлгі етіп көрсетуге болатындай өтуге тиіс екенін ескерсек, көңілден шықпайтын тұсы көп: іске үздік тергеушілер, үздік прокурорлар мен үздік судья тартылуға тиіс екені түсінікті нәрсе. Айтпақшы, процестің ортасында судьяны белгісіз біреулер қорқытқаны белгілі болды.

Соңғы сөз

Бишімбаев соңғы сөзін қысқа қайырды, бұл үйреншікті емес жағдай болды. Осы сот барысында бірінші рет қағаздан оқыды. Ә дегеннен ақпарат құралдары мен блогерлердің сөзіне ілесіп, аса қатыгездікпен қасақана өлтірді және қинады деп айыптаған тергеуге шағымын айтты. Халимназаровтың сараптамасына шағымданды, әлеуметтік желілерде өзіне қарсы науқан жүріп жатқанын, мұның артында әлдекімдер тұрғанын айтты. Біреу-міреу өзін тегін-ақ жек көруі мүмкін екеніне сене алмайды. Ол Геббельстің сөзі деп Гитлердің пікірін келтірді, алқабилерден әлеуметтік желідегі үгіт-насихаттың жетегінде кетпеуді сұрады.

«Салтанаттың өліміне менің қатысым бар, мен оның өліміне кінәлімін, оған жауап беруге әзірмін. Мен оның денсаулығына қасақана ауыр залал келтіргеніме кінәлімін. Бұл оның өліміне алып келді. Өшпенділіктің, ашу-ыза мен жазаның жетегінде кетпеңіздер», – деп өтінді Бишімбаев алқабилерден.

Ал Бақытжан Байжанов ауыр қылмыс болғанын білмегеніне «ант-су іше алатынын» айтты. Ол тіпті шындық детекторынан өтуді де ұсынған болатын.

«Бұл әрекеттер қылмысты жасыру әрекеті деп қабылданатынын мен түсінбек түгілі, ойламаған да едім. Егер ауыр қылмыстың ізін шынымен саналы түрде жасыруға көмектескен болсам, мен өзімді қорғамас едім, кешірмес те едім», – деді Байжанов.

Қорытынды

Бұл процестің қаншалықты маңызды екенін бағаламау мүмкін емес. Әрине, ол Қазақстан тұрғындары үшін «Байлар да жылайды» сипатындағы оқиға іспетті болды деуге болады. Су тасқыны мен оның салдары да осы істің тасасында қалды десті. Алайда, осы соттың арқасында ең болмаса бір әйел өзін ұрған еркектен кетіп қалатын болса, демек, бұның бәрі бекер болмағаны.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтатын заң қабылданды, ол біз қалағандай болмаса да, жаман емес. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы айтудан қорықпайтын әйелдер көбейіп жатыр. Алғашқы шулы іс те пайда болды: Карина Мамаш дипломат Сәкен Мамаштың он жылдан бері тұрақты түрде зорлық көрсетіп келе жатқанын жариялады. Карина қазір дағдарыс орталығында, күйеуіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.

Біз тергеу мен сот қалай өтетінін, адвокаттар қалай жұмыс істейтінін көрдік, жақын жылдары заңгерлік мамандыққа баратындар саны көп болады деген болжам бар. Процестің арқасында сарапшы Халимназаров, адвокат Вранчев, прокурор Айжан Аймағанова сияқты «жұлдыздар» пайда болды. Бұл сот «Әзәзілдің адвокаты» пікірталас тудырды, қорғайтын адамың кінәлі болса, оны қорғауға соншама ынталы болудың реті бар ма деген сұрақ тудырып, айыпталушы мен оның адвокаттарын теңестіруге қатысты та пікірталасқа әкелді.

Процесті мектепте, дүкенде, қоғамдық көлікте, барлық жерде тамашалады. Бұл сотты қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы антидене өндіретін маңызды заңдық және адами екпе деуге болады.

Бишімбаев ісі үкім шығарумен аяқталмайтыны анық, алда апелляциялар, кассациялар мен жаңа сот істері болады – бұл кезеңде бәрі барлығына қарсы соттасатын секілді.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть